31.08.2011ж.
Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай.
«Ата Заң - ең қымбат қазына»
Қандай мемлекет болмасын өзінің болмыс-бітімін, саяси әлеуметтік кескін келбетін, дамуын айқындайтын бас құжаты – Конституциясыз болмайды. 30 тамыз 1995 жылы Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз, егеменді мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан тарихи құжат болып саналады. Қазақстан халқы референдумда Республика Конституциясын қабылдап, заңдық тұрғыдан да, іс жүзінде де мемлекеттік биліктің құрылтайшысы ретінде бой көрсетті. Конституция мемлекетті ұйымдастыру мен оның қызметінің демократиялық принциптерін бекітті. Қазақстан Республикасының Конституциясы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалап, қоғамдық саяси ұйымдардың қызметінің түбегейлі принциптерін белгіледі, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін бекітіп, экономикалық құрылыстың негізін анықтады. Қазақстан Республикасының Конституциясының нормаларын, құқықтық идеяларын және принциптерін құқықтық-ғылыми тұрғысынан талдау нәтижесінде олардың қуаты, мүмкіндігі экономиканы, әлеуметтік және саяси мәселелерді дамытуда әлі де зор екенін байқатады. Конституциялық деңгейде көрініс тапқан болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті сезіну мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін талқылау мен шешуде шамшырақ болуға тиіс, ал бұл халықтың саяси және құқықтық санасы жоғары деңгейде болғанда ғана мүмкін. Осындай деңгейге қол жеткізу ғана қоғамның бүгіні мен ертеңіне деген конституциялық саяси жауапкершілігін сезінуді қамтамасыз ете алады. Қазақстан халқы Конституцияны қабылдай отырып, мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі ретінде өзінің егемендік құқығын іске асырды. Сол арқылы ол құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясында қаланған құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам қалыптастырудың жолын таңдап алды. Қазақстан халқының егемендік құқығы Конституция қабылдаумен ғана сарқылып қалмайды. Ол мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін шешу үшін халық ие болып отырған оның барлық конституциялық-құқықтық мүмкіндіктерін қамтиды.
Конституцияның негізінде қабылданған заңдар қоғамдық қатынастардың негізгі жақтарын реттеп, қоғамымыздың үздіксіз дамуына зор әсерін тигізуде.
Панфилов аудандық Әділет басқармасының
жетекші маманы Г.Қуатова
|