19.10.2011ж.
Алматы облысы Әділет департаментінде 9 айдың жұмысы таразыланып, 4 тоқсанда атқарылатын жұмыстың басым бағыттары белгіленді.
2011 жылы 19 қазанда Алматы облысы Әділет департаментінде Департамент бастығы Д.Айтмұхаметұлының төрағалығымен, 19 аудандық, қалалық Әділет басқармаларының бастықтарының, Әділет департаменті бөлімдерінің жауапты қызметкерлерінің сондай ақ, аудандық, қалалық АХАТ бөлімі бастықтарының қатысуымен мәжіліс өткізілді.

Мәжілісте 2011 жылғы 9 айда атқарылған жұмыс таразыланып, 4 тоқсанда атқарылатын жұмыстың басым бағыттары белгіленді.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің алқа отырысында көтерілген проблемалық мәселелерді жергілікті жерде шешу Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Ә.Т.Аманбаевтың алқа мәжілісінде берген тапсырмаларына сәйкес жұмыстарды атқару мәселесі кеңінен талқыланды.
Мәжілісте азаматтық хал актілерін тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімінің бастықтары баяндама қойып, кейбір Әділет басқармаларының басшыларының есебі тыңдылды.
Департамент бастығы Д.Айтмұхаметұлы Әділет басқармаларының жұмысының пәрменділігін одан әрі көтеру мақсатында тиісті іс-шаралар жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті.
Сонымен қатар, әділет департаменті қызметінің әрбір саласы бойынша жұмысты жақсартуға бағытталған тапсырмалар берумен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту, азаматтардың өтінішін заңда көрсетілген мерзімде сапалы қарау, электрондық қызмет көрсетулер бойынша, әділет органы қызметіндегі жаңалықтарды азаматтарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап көрсетті және сыбайлас жемқорлықпен күрес заңының талаптарын әрбір қызметкер қатаң сақтауын ескертті.
Алматы облысы Әділет департаменті
Баспасөз қызметі
|