Меншік иесі, мүлкіңді заңдастыр!
Жылжымайтын мүлкі бар меншік иесінің құқығын қорғаудағы тиімді тәсілдердің бірі –мемлекеттік тіркеу. Осыған байланысты, жылжымайтын мүлікке және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеудегі жүйені жетілдіру мақсатында түбегейлі реформа жүргізіліп, «Жылжымайтын мүлікке және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылы 26 шілдеде заң қабылданды.
Ол тіркеу тәртібін жетілдіруге, жылжымайтын мүлік нарығына қатысушылардың заңдық мүдделерін, азаматтық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталып, құқықтарды тіркеудің тәртібі нақтыланды.
Реформаның нәтижесінде жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеуге байланысты рәсім едәуір жеңілдеп, шығындар азайды. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу тәртібі өзгеріссіз қалып, берілген саладағы ақпараттық қызметтер тегін жүргізіледі. Құқықбұзушылықтың алдын алу мен азайту мақсатында тездетілген тәртіпте жүргізілетін жылжымайтын мүлікке және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін алым мөлшерлемені бекіту туралы 2009 жылдың 30 наурызында қаулы қабылданды. Соған орай, адамдар баламалы түрде құқықтарын заңмен бекітілген тәртіппен де, екі күндік тездетілген тәртіппен де тіркеуіне болады.
Меншік иелері, өзге де тұлғалар (мемлекеттік акт, үйдің техникалық құжаты, келісім шарттар, қабылдау актілері ) күшіне енген, өзге де құқық белгілеуші құжаттар берілген сәттен бастап алты айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен құзырлы орынға жүгіне алады.
Құжаттарды тапсырудың заңда көрсетілген мерзімінің бұзылуы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 354 – бабының 3 – тармақшасында қарастырылған. Құқық бұзушылыққа барған жеке тұлғалардың қылмысы анықталса оннан жиырмаға дейін, заңды тұлғаларға жиырмадан отызға дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып салынады. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды, онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу – құқық иесінің, мәміле тараптарының (қатысушыларының), мемлекеттік органның (оның уәкілетті өкілінің) немесе өзге де уәкілетті адамдардың тіркеуші органға берген өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) оның жеке басын куәландыратын құжаттарымен қатар мынадай құжаттарды:
-
белгіленген үлгідегі мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті;
-
жылжымайтын мүлікке техникалық паспортты және (немесе) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын қоса бере отырып, құқық белгілейтін және тіркеу обьектісін растайтын өзге де құжаттарды;
-
өтініш берушінің (жеке тұлғаның) және өтініш берушінің уәкілетті өкілінің жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін;
-
жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге алым төлегенін растайтын құжатты;
-
осы заңда көзделген өзге де құжаттарды беруі тиіс. Аталмыш құжаттардан өзге құрылтай құжаттарын да беру керек. Шетелдік заңды тұлғалар сауда тізілімінен заңдастырылған үзіндіні немесе шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжатты мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі нотариат куәландырған аудармасымен ұсынады. Егер мәмілені нотариат куәландырмаса, онда тіркеуші орган мәмілені жасаған адамдардың (олардың уәкілетті өкілдерінің) қойылған қолдарының растығын, іс - әрекетке қабілеттілігін (құқықтық қабілеттілігін), сондай – ақ, олардың ерікті түрде жасалғандығын тексеруге міндетті. Қысқасы, меншік иесі болу үшін жылжымайтын мүлікті өз уақытында заңдастырған жөн.
Балқаш аудандық әділет басқармасының
жылжымайтын мүлікті тіркеу инспекторы Баймуханов Айдын Ермухамбетович
|