Гендерлік мәдениет туралы.
Қазақстанда гендерлік саясатты жүргізу жұмысын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық –демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Комиссияның негізгі міндеті Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы және Қазақстан қатысушысы болып табылатын отбасы мен гендерлік теңдік мәселері жөніндегі халықаралық келісім-шарттар аясында отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.
1998 жылы қабылданаған БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенция солардың бірі болып табылады. Конвенция ережелерін, Қазақстанға қатысты тиісті комитеттің ұсынымдарын басшылыққа алып, іске асыру мақсатында халыққа гендерлік білім беру жұмысы жүргізілуде. Гендерлік теңдік стратегиясының жеке бөлімі қоғамдағы зорлық-зомбылықты жоюға араналған.1999 жылы ел Президентінің бастамасымен аудандық буындарға дейінгі ішкі істер құрылымдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды. Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мұндай құрылымды құрған жалғыз ел болып табылады.
Олардың негізгі міндеттері: әйелдердің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа жат қол сұғудан қорғау; әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жолын кесу мәселелерінде ішкі істер органдары бөлімшелерінің қызметін үйлестіру; әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықтың түрлеріне, нысандары мен әдістеріне, сондай-ақ оларды жасауға жағдай жасайтын себептер мен шарттарға талдау зерттеуін жүргізу; әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықтың алдын алу мен жолын кесу мәселелерінде халыққа құқықтық көмек көрсету болып табылады.
2009 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Тұрмыстық зорлық- зомбылықтың профилактикасы туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заңның ерекшелігі оның отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен жолын кесудің пәрменді механизмедерін енгізуінде, бұл аталған саладағы қылмыс деңгейін төмендетуге және отбасының барлық мүшелерін, бәрінен бұрын бұған бірінші кезекте зәру әйелдер мен балаларды шынайы қорғауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыстағы Еңбек Кодексінде де жүкті, үш жасқа дейінгі балалары бар, он төрт жасқа дейінгі баланы(он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен жасалған еңбек шарттарын сақтаға немесе бұзуға қатысты нормалар әйелдердің пайдасына қарай едәуір кеңейтілген. 2008 жылдан бері жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікті, босануды және аналықты міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілген болатын.Оларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен босану бойынша демалыстың барлық күндеріне орташа айлық жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлем беріледі, сондай ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне орташа айлық кірістің 40% мөлшерінде әлеуметтік төлем, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыс беріледі.
Қазақстанның ауылдық жерлерінде халықтың 43 пайызы тұрса, олардың жартысы әйелдер. Қалалық және ауылдық әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларында да үлкен айырмашылықтар бар. Көп жағдайларда әйелдердің өздерінің де өзіндік құқықтарға ие екендіктерін түсіне бермейтіндігін болдырмауға ықпал жасау, әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы Конвенция ережелерін әйелдерге жеткізу, құқықтық насихат жүргізу мақсатында аудандық әділет басқармасының мамандарымен бұқаралық ақпарат құралдарында жиі мақалалар жарияланып тұру себептері осы деп айтуға болады.
Ескелді аудандық әділет
басқармасының бас маманы: Б.Жетписбаева
|