Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш беру тәртібі туралы
Құқықтар нотариат тәртiбiмен куәландырылған мәмiле негiзiнде туындаған жағдайда, тiркеу мәмiленiң кез келген тарапының өтiнiшi бойынша жүзеге асырылады. Құқықтар шарттың немесе өзге де мәмiленiң негiзiнде туындаған жағдайларда, оларды нотариат куәландырмаған кезде мәмiленiң барлық қатысушылары белгiленген тәртiппен өтiнiш беруге тиiс.
Банктiк қарыз шартын қамтамасыз етуге берiлген, кепiлдiң басталуын және өзгеруiн тiркеуге өтiнiштi кепiл берушi және кепiл ұстаушы бередi.
Өтiнiштi кепiл ұстаушы берген жағдайда, осындай тiркеуге кепiл берушiнiң нотариатта куәландырылған келiсiмi талап етiледi.
Ортақ бiрлескен меншiк құқығының туындауын, өзгеруiн немесе тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеген кезде тiркеу туралы өтiнiштi барлық қатысушылар не олардың бiреуi қалған қатысушылардың нотариат тәртiбiмен куәландырған келiсiмiн ұсына отырып беруi мүмкiн.
Ортақ үлестiк меншiк құқығының туындауын, өзгеруiн, тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеу кезiнде мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiштi барлық қатысушылар беру тиіс.
Жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi немесе заңды тұлғаның атауы, тiркеу нөмiрi өзгерген кезде өзгерiстердi тiркеу туралы өтiнiштi осындай өзгерiстердiң оған қатысы бар құқық иесi беруi мүмкiн.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнен өзгеше туындамаса, ортақ үлестiк меншiктегi үлеске қатысты мәмiлелер жасалған кезде өтiнiш қалған құқық иелерiнiң басым сатып алу құқығы сақтала отырып, белгiленген тәртiппен берiледi.
Деректерi құқық белгiлейтiн құжатта көрсетiлмеген жұбайының бiреуiнiң құқығын тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес неке жасына жеткен өтiнiш берушi тiркеуге берiлген өтiнiште неке қатынастарында тұрғаны туралы фактiнiң жоқ екендiгi туралы мәлiметтердi не неке қатынастарының бар екенiн растайтын құжаттың көшiрмесiн қоса бере отырып, өзiнiң жұбайы туралы мәлiметтердi көрсетуге тиiс.
Егер неке шартында жұбайлардың жылжымайтын мүлiкке үлестiк немесе бөлек меншiк режимi белгiленсе, онда тiркеушi органға неке шарты ұсынылады.
Бiр құқық белгiлейтiн құжат екi немесе одан да көп мемлекеттiк тiркеу объектiлерiн қамтыған жағдайда өтiнiш берушiге өтiнiште тiркеудiң барлық объектiлерiн көрсетуi қажет немесе мүдделi адамдар мемлекеттiк тiркеудiң әрбiр объектiсiн тiркеуге жеке өтiнiш беруге тиiс.
Құқық белгiлейтiн құжатта мемлекеттiк тiркеудiң бiрнеше объектiлерi болған кезде, өтiнiште бiреуi ғана көрсетiлетiн жағдайларда тiркеушi орган өтiнiш берушiге тiркеудiң басқа объектiлерiн мемлекеттiк тiркеу және бұл үшiн тиiстi алым енгiзу қажеттiгiн көрсетуге құқылы.
Панфилов аудандық Әділет басқармасының инспекторы Н.Бугыбаев
|