22.04.2013ж.
Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы жалпы түсінік
Адамзаттың даму тарихындағы барлық кезеңдерде жазушылар, ақындар, суретшілер, ғалымдар еңбектерінің жемісі адамзат пен қоғамның рухани байлығының негізі болатын. Нарықтық экономика жағдайында әдебиет, көркем өнер және ғылым туындылары сияқты шығармашылық қызмет нәтижелері, адам мен қоғамның рухани өмірінің негізін құрап, оның даму деңгейінің көрсеткіші ретінде қалыптасып қана қоймай, нарықтық қатынастарда тауардың ерекше түрі нысанындағы тауар айналымының объектісі ретінде қалыптасты. Заманның объективті үрдістері, ең алдымен ғылыми-техникалық прогресстің қарқынды дамуы, рухани игіліктер жаратушыларына ғана емес, сонымен қатар тұтынушыларға жаңа көкжиектерді ашуда.
Осындай қатынастарды реттеу үшін еліміздің «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңы қабылданды. Бұл заңда авторлық және сабақтас құқықтар туралы түсінік және ол қай кезде туындайды, мұндай құқықтар қалай қорғалады деген сұрақтарға жауап береді. Санаткерлік құқық туралы Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің ерекше бөлімінде де айтылған.
Автор-шығармашылық еңбегінің нәтижесінде белгілі бір туындыны дүниеге әкелген тұлға. Мұндай туынды ғылым саласында, әдебиет саласында, өнер саласында, техника саласында болуы мүмкін. Осындай жаңа туынды дүниеге келген сәттен бастап, сол туындыға авторлық құқық пайда болады. Автордың өзі ойлап тапқан жаңа туындыға өзін сол туындының авторы ретінде танылу құқығы, және туындыны азаматтық айналымға жария түрде шығарса, оның даналарына автордың өз есімін тиісті турде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы, оған қол сұғуға жол бермеу, туындыны кез-келген жолмен бүлдіруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың ар-ожданына, беделіне нұқсан келтіретін басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделін қорғау құқығы) болады. Авторды жоғарыда көрсетілген құқықтарынан айыруға болмайды. Бұған қоса, автордың немесе өзге құқық иеленушінің сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдіспен пайдалануға құқығы мүліктік құқық немесе айырықша құқық деп танылады. Автордың туындыны пайдалануға айырықша құқығы, туындыны өз қалауы бойынша кез келген уақытта, кез келген мақсатта қолдана алады.
Авторлық құқық автор автордың бүкіл ғұмыры бойы және автор қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшін сақтайды. Бірақ, авторлық құқығын, оның есімінің құқығын және автордың беделін қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.
Сабақтас құқықтар қойылымдарға, орындаушылықтарға, фонограммаларға, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларына олардың мақсатына, мазмұны мен сапасына,сондай-ақ жеткізілу әдісі мен нысанына қарамастан қолданылады. Сабақтас құқықтардың субъектілері орындаушылар, фонорграмма жасаушылар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары болып табылады.
Жоғарыда аталған авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың біздің еліміздегі қорғалу мәселесіне тоқталсақ Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы ҚР Заңында көзделген авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық туындайды. Мұндай жауаптылықтар, авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуына жол бермейді. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне бақылау жасауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті аталған уәкілеттіктерді заңға сәйкес жүзеге асырады. Жоғарыда аталған тұлғалар уәкілетті органның сұратуы бойынша пайдаланылған туындылар немесе сабақтас құқықтар объектілері, авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану нәтижесінде түскен табыстар туралы мәліметтер, сондай-ақ авторлық сыйақы төлемдеріне қатысты мәліметтер мен құжаттар беруге міндетті болып келеді. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау сот арқылы жүзеге асырылады. Аталған құқықтарды қорғауда сот, құқық бұзатын немесе оның бұзылуына қауіп төндіретін әрекеттерді тыю, құқық бұзылғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру, құқықтарды тану, т.б. олардың құқықтарын қорғауға байланысты заң актілерінде көзделген өзге де шаралар қолдану арқылы жүзеге асырады. (Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы ҚР Заңы).
Зияткерлік меншік еліміздің әл-ауқатын дамытып, жетілдірудің бірден-бір қайнар көзі. Әркімнің өз құқығын қорғай білуі, еліміздің өркендеп өсуіне өз үлесін қосарына ешқандай дау тудырмайды.
Қазақстан Республикасына келсек, бізде де зияткерлік меншік болашақта мемлекет азаматтарының әл-ауқаттылығы деңгейін белгілейтін, құнды ресурс ретіндегі қас маңыздылыққа ие бола бастады.
Қазіргі таңда авторлық құқықты қамтамасыз етудің негізгі функциясы 2001 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен ұйымдастырылған Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі Комитетке жүктелді. Осы органның негізгі міндеттерінің бірі – авторлардың құқықтарын сақтаумен байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу, пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығын көтеру, сонымен қатар зияткерлік меншік объектілерін пайдаланатын тұлғаларды қадағалау.
Біраз уақытқа дейін қазақстандықтардың көпшілігі үшін зияткерлік меншік күнделікті тәжірибеде қолданысқа ие емес, тұманды құқықтық түсінік ретінде қалатын. Бірақ қазіргі таңда көпшілік компаниялар мен ұйымдар зияткерлік меншік объектісіне айрықша құқықтар, бәсекелес артықшылықтардың ерекше түрі екендігіне көз жетті.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қандай да болсын мемлекеттің міндеті – бұл авторлардың құқықтарын бұзумен күресу аясында тиімді құқық қолданушы жүйені құрастырып, енгізу. Зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды кезеңі – зияткерлік меншік құқықтарымен байланысты қылмыс пен құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қамтитын Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекстің қабылдануы. Ұлттық заңнаманы Дүниежүзілік Сауда Ұйымының үлгіқалыптарымен толық сәйкестендіру мақсатында 2005 жылы «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңына туындыларды ретроактивті қорғау бөлігіне түзетулер енгізілді, дәлірек айтсақ, дамушы мемлекеттерде сияқты авторлықты қорғаудың мерзімі 50 жылдан 70 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, республикада авторлар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін «2005-2015 жылдар аралығына арналған Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыру мен дамыту жөніндегі Бағдарлама» қабылданды.
Қапшағай қаласы әділет
басқармасының жетекші маманы Г.Галымжанова
22.04.2013ж.
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу
мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
өзгерістер мен толықтырулар енгізуі туралы
2012 жылдың 24 желтоқсан айында Мемлекет Басшысымен «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктер есептік тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуі туралы» Заңына қол қойылып, бүгінгі таңда қолданысқа енгізілді.
Сонымен қатар, қабылданған заңнамалық акт заңды тұлғаларды тіркеу рәсіміне елеулі өзгерістер енгізілді.
Атап айтсақ, заңды тұлғаларды олардың филиалдарымен өкілдіктерін тіркеу мерзімдеріне елеулі өзгерістер енгізіп, жалпы жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін тіркеу мерзімі қысқартылды. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 9 –бабына сәйкес, қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу (қайта тіркеу) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күнненен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс.
Саяси партияларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларды, сондай-ақ қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу (қайта тіркеу) қажетті құжаттарымен қоса өтініші берілген күннен кейінгі он жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
Қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларға, олардың филиалдарына (өкілдіктеріне) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы, филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы беру, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы өтінішті қайтарып беру (қызметін үлгілік жарғы негізінде жүзеге асырған жағдайда) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен кейінгі жұмыс күні жүргізіледі.
Саяси партияларды қоспағанда, жеке кәсіпкерілк субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларға, сондай- ақ қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын ақционерлік қоғамдарға, олардың филиалдарына (өкілдіктеріне) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы, филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы беру, сондай-ақ жарғыны (ережені) қайтарып беру қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Қапшағай қаласы әділет басқармасының
жетекші маманы Г.Галымжанова
|