29.04.2013ж.
Баланың алғашқы құжаты.
Дүниеге келген бала -ата-ананың қуанышы. Баланың әрбір алғашқы қадамына жауапкершілікпен қараймыз. Осындай қадамның бірі- баланың алғашқы құжаты- туу туралы куәлік алу болып табылады. Осыған байланысты, ата-ана баласының құжатын уақытында азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органынан тіркеу қажет.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қабылдауды тіркеуші орган немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 188- бабының 1- тармағына сәйкес, баланың тууын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар баланың туған жері немесе ата-анасының не олардың біреуінің тұрғылықты жеріне қатысты жүргізіледі. Баланың тууын тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады. Баланың туған жері болып тууды мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік- аумақтық бірлігінің атауына сәйкес баланың нақты туған жерінің атауы болып көрсетіледі. Мысалы, тұрғылықты тұратын жері -Көксу ауданы болып, баланың туылған жері Талдықорған қаласы болса, туу туралы куәлікке баланың туған жері - «Талдықорған» қаласы -деп көрсетіледі. Егер, баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-аналары емес, басқа адамдар өтініш берсе, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттілігін растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
Баланың ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса, (ерлі-зайыпты) болмаса, тууды жазу кітабына баланың әкесінің тегі, баланың тегі, әкесінің аты анасының тегі бойынша, және анасының көрсетуімен жазылады. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады.
Балаға туу туралы куәлікті алуға өтінішті оның ата-анасы не басқа мүдделі адамдар тіркеуші органдарға сәби өмірге келген күннен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс. Екі ай мерзім өткеннен кейін баланың тууын мемлекеттік тіркеу қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысанмен тіркеуші орган жасаған қортындының негізінде тіркелінеді.
Ата-аналардың тілегі бойынша, туылған балаларға салтанатты түрде туу туралы куәлігі тапсырылды.
Аталған Заңның талабына сәйкес, балалар дәрігерлері жаңа туылған балалардың денсаулығын қадағалауға медицина қызметкерлері барған кезде, құжаттарын тексерулер жүргізеді.
Құрметті ата-аналар, туу туралы куәлік- баланың алғашқы құжаты болғандықтан, осы құжатта жазылатын баланың аты-жөнін дұрыс, әрі толық жазылуын өздеріңіз басты назарда ұстағандарыңыз жөн.
Көксу ауданы Әділет басқармасы
АХАТ қызметінің бас маманы Г. Таласбаева
|