11.05.2014ж
«Жетісу шұғыласы» газеті, 07.05.2014 жылғы № 19нөмірі
Ерлік - елге мұра, ұрпаққа үлгі!
Ешқашан ұмытылмақ емес
Атам қазақтың бағалы асыл сөз мұрасы болып ұрпаққа жеткен «Ерлік –елге мұра, ұрпаққа үлгі» - деген осы бір сөзінде үлкен бір астар бар. Баршаңызға мәлім заманның зарына айналған, атында зорлық пен зомдылықтың, қатігездік пен жауыздықтың зары бар Ұлы Отан соғысы бейбіт өмірдің күл-талқанын шығарып, баланы анадан, ананы баладан, біреуді жолдасынан біреуді әке-ағадан айырған сол соғыс әрбір жанның жүрегінде қара дақ болып орын алған. Қару ұстауға қауқарлы ер-азаматтардың барлығы майданға аттанды. Әлі буыны қатаймаған жас баланың иығына отбасының, қала берді бүкіл ауылдың ауыртпалығы артылды. Отан қорғау жолында өлімге кеуде тосқан жастар елі үшін, ұлы отаны үшін ештеңеден аянбағаны бәрімізге мәлім. Аяздың ызғарына, желдің дауылына, жаңбырдың селіне қарамастан ұлы отандары үшін аянбаған майталмандарымыздың ерлігін атап, болашаққа баға жетпес мұра етіп жеткізу әрбір азаматтың міндеті болуы керек деп білемін. Алдыңғы буын аталарымыз бен ағаларымыздың ерлігін елге жеткізу біздер үшін үлкен аманат. Елім, жерім деп ұран салған майталмандарымыздың бірі Жантасов Қашқын Қасабайұлы атамыздың өмірі жайлы айтып өтсем деймін. Жантасов Қашқын Қасабайұлы 1917 жылы қараша айында Талдықорған облысы, Қаратал ауданында қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келген азаматымыз. Тағдырдың жазғанына көнеміз, атамыздың арамыздан өткеніне біраз жыл өтті, тірі болғанында қазір 97 жастың төрінде төрлетіп отырар ма еді? Амал қанша тағдырдың жазмышы осы. Атамыздың өз аузынан естіген әңгімесінде, әке-шешесі ертеде, ашаршылық жылдары қайтыс болып, өзі Алматы қаласының балалар үйінде тәрбйеленген екен. Жастайынан жетім қалып, буыны ерте қатайып, тағдырдың талқысын бала кезінен көрген атамыз өмірдің сынағында шыңдалған секілді. Ел мазасын, берекесін алған Ұлы отан соғысына 1941 жылдың шілде айында отан үшін жанын беруге дайынмын деп майданға аттанады. Тағдырдың сынағымен шыңдалған жігітке отаны мен елінің тағдыры өмірінен артық тұрады. Сөйтіп, неше жыл соғыс әрекеттеріне қатысып, өз үлесін қосқан жеңіс хабарын Кенинсберг қаласында қарсы алады. Көк аспанның төрінде жеңімпаз елдің туы көкке самғады. Қазақ даласына Ұлы Отан Соғысының ардагерлері қаһармандар болып оралды. Солардың бірі Қашқын Қасабайұлы. 1946 жылдан бастап еңбек майданында, мәдениет, білім, құқық қорғау органдары, сот жүйесі, ауыл шаруашылығы саларында маман, жетекші-басшы қызметтерде бола жүріп, өндірістен қол үзбей білімін жетілдірген атамыз 1968 жылы мамыр айында дербестік зейнеткерлікке шығады.
Қоғам үшін өмір сүрседе асыл жар, асқар таудай биік әке бола білді, Кунсипа апамызбен отауласқан атамыз ортақ арыстандай айбатты 3 ұл, 3 қыз бала сүйіп бір шаңырақтың отағасы болды. Артынан ерген ұрпақтары әке-ана жолын қуған азаматтар. Әлі күнге әке жолы аманат деп қыздары Майра, Ләйлә, Айман жат жұрттық болып кетсе де, ұрпақтың жалғасы ұлдары үлкен-үлкен белестерге қол жеткізіп, белгілі бір саланың қызметткерлері. Үйдің үлкені өскелеңге үлгі демекші, заң саласын толығынан меңгеріп, әке жолын тізбектеп басқан ұлы Жантасов Серік құқық қорғау органдары, прокуратура, сот жүйесінде талай жыл қызмет атқарып, қазіргі таңда Ескелді аудандық Әділет басқармасының басшысы. Ортаншының орны бөлек демекші Жантасов Жанат білім саласында оқып, қазіргі күнге дейін ұстаз болып қызмет атқаруда. Әке, аға жолы болашаққа бағдар деп түсінген інісі осы жолды таңдаған үйдің кенжесі Жантасов Қанат Алматы облыстық сотының судьясы, әділдікті ұстанған ел азаматы болып отыр. Ұрпақтың тамырын тереңге жайған немере, шөберелері де ата жолының бағдарын ұстанып келеді.
Жантасов Қашқын Қасабайұлының еліне сіңірген адал еңбегі бағланып орден және көптеген медальдармен, құрмет грамотталарымен марапатталған. Зейнеткерлік өмірде де қарап жатпай қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жетісу өңірінде өзінің ғибаратты ғұмырының нәтижесінде «Құрметті азамат» - деген сый құрметке ие болды. Елі үшін туылып, елі үшін өмір сүрген атамыз 1981 жылы қазан айында жер қойнауына тапсырылды. Аллаға құлдық етуші мұсылман ретінде, атамыздың жаны жанатта, иманы жолдас болсын дейміз. Бұл әңгімені жазуымның астары Ұлы жеңіс мерекесіне орай алдыңғы буын аталар мен әкелеріміздің өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болса екен деймін. Атаның ерлігі әрқашан үлгі болып қалуы жарқын болашақтың мызғымас тірегі деп білемін.
Ескелді аудандық әділет басқармасының маманы: М.Мухамеджанова
11.05.2014ж
«Жетісу шұғыласы» газеті, 07.05.2014 жылғы № 19 нөмірі
Ғасыр жасаған атамен жүздесті
Атаның ерлігін үлгі тұтқан Ескелді аудандық әділет басқармасының басшысы С.К.Жантасов басқарма қызметкерлерімен Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының майталманы Исмаилов Шамсудин Абакаровичтің үйіне барып, кішігірім сыйлығымен ардагер атамызбен кездесіп құттықтап кайтты.
Атаның ерлігі ұрпаққа үлгі деген мақсатпен Шамсудин мырзаның біраз сырымен бөлісіп, 99 жастың төрін төрлеп, 100 жастың асқарына бет алған қарияның болашаққа айтары да аз емес. Жастайынан жауға қарсы шығып, оққа кеудесін тосқан қариямыз майдан жолын тізбектеп айтып берді.
Өмірдің талай сынағынан сағын сындырмай өмірді құлшыныспен сүріп келе жатқан атамыз, баршаларымен қол аласып, бейбіт өмірде, адал өмір сүріп, жастарыңыз ұзақ болсын деген ізгі ниеттерімен бөлісіп отырды. Өзімен бірге Ұлы Отанды қорғауға аттанған майталман жолдастарының көбі мерт болып, тірі қалып елге оралғандардың да уақыт өте жер анаға жан тапсырып жатқандарын еске ала отырды.
Әйтседе осы батырларымыздың арқасында Тәуелсіз ел болып, терезесі тең, керегесі кең, бірлігі жарасқан Қазақстанда өмір сүріп жатқандарымызға шүкіршілік етейік.
Ескелді аудандық әділет басқармасының маманы: Г.Асканбаева
11.05.2014ж
«Жетісу шұғыласы» газеті, 07.05.2014 жылғы № 19нөмірі
Ата көрген оқ жанар
Ұлы отан соғысы жеңісінің 69 жылдығы қарсаңында ұжымның жас қызметкерлері Ескелді ауданының Әділет басқармасының жетекші маманы қызметін атқаратын ағамыз Ешенов Айдархан Ешенұлының Ауғаныстан соғысының ардагері екенін естіп, өзі жайлы сыр шертуге әңгімеге тартқан едік. Айдархан ағамыз әңгімесін әкесі Тұяқбаев Ешен атамыздың Ұлы Отан соғысының ардагері, екінші топтағы мүгедек болғанын айта келе, әкесінің 1942 жылы 18 жасында Отан қорғауға аттанып, сұрапыл соғыста блокадалық батыр қала Ленинградты қорғағанын, блокада бұзылғаннан кейін аяғынан ауыр жарақат алып, әскер қатарына жарамсыз болып танылып, 1944 жылы елге мүгедек болып оралғанын, содан кейін де демалып жатпай, «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» - деген ұранмен майданға азық-түлік, киім-кешек дайындау, қару-жарақпен қамтамасыз етудегі ерен еңбекке араласып, халқына, отанына ауыл шаруашылығын дамыту саласында еңбек еткенін айтты.
Тағдырдың тәлкегі ме, жоқ әлде Отан соғысы ардагерінің баласы болғандықтан ба, ол жағы өзіне де белгісіз, 1981 жылы көктем айында әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын екі жыл Ауғаныстан жерінде интернационалдық борыш ретінде атқарғанын айтты.
Сөз арасында Айдархан ағамыздан Ауғаныстан соғысы жайлы, сол соғыстан есте қаларлықтай қызық оқиға айтып беруін өтіндік. Біздің өтінішімізді мұқият тыңдаған ағамыз біраз ойланып отырды да, Соғыстың аты қай жерде, қандай жағдайда, канша уақыт болмасын соғыс, соғыс дегеніміз баласынан айрылған ата-ана, жолдасынан айрылған жұбай, әкесінен айрылған бала, боздағынан айрылған ел, халықтың басына келген бір зобалаң ғой деп әңгімесін бастап, соғыста ешқандай қызық болмайды, соғыстың заңы біреу ғана, ол «Сен оны өлтірмесең, ол сені өлтіреді» - деген заң деп айта келе, соғысты көрген, соғыстың алауын көрген азаматтардың, зиялы қауымның бүгінгі күндегі негізгі мақсаттары мен міндеттері соғыстың зардабын, оның елге, халыққа әкелетін қайғы-қасіретін өскелең ұрпаққа жеткізу, олардан отан сүйгіш бейбітшіліктің күрескерін тәрбиелеу, өсіру, оларға «Ерлік пен батырлықты тек қана соғыста қөрсетуге болады» - деген ойдың дұрыс емес екендігін, соғыстың батыры болудан, бейбітшілік үшін күрестің батыры болу әлдеқайда мәртебелі екенін жастардың санасына жеткізу болу керек деген өзінің пікірін айтты да, біраз уақыт бір нүктеден көзін алмай ойланып отырып қалды. Жас, албырт шағында бірге от кешкен жолдастары есіне түсті ме, әлде сол, «Ешкімге керексіз соғыс» - деп айтылатын соғыста мерт болып, елге қайтпай қалған қарулас достарын ойлады ма, ол жайында сұрауға батылымыз бармай, соғыстан ойда қаларлықтай қызық іздегеніміз әбес қылық болғанын түсініп, айтылған әңгіменің әсерінен арыла алмай бізде үнсіз отырып қалдық.
Күнделікті өмірде өзін көңілді ұстауға тырысатын Айдархан ағамыздың мұндай күйін бірінші рет қөруіміз еді.
Айдархан ағамыздың Алматы қаласындағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының белсенді қатысушысы болғанын, сол оқиғаға байланысты қамауға алынып, оқудан шығарылып, біраз уақыт қуғын-сүргінге ұшырағанын, кейіннен Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында ұзақ жыл қызмет атқарып, отанымыздың қорғаныс қабілетін арттыру, әскери тәртіпті нығайту жолында еңбек жасағанын білгенімізде Айдархан Ешенұлының отанның бұйрығын орындауда ғана емес, еліміздің егемендік алу ісіне, оның сақталуы мен қорғалуына, өзі жария қылып айтпаса да еңбегі сіңген азамат екеніне күмәніміз қалмады.
Ескелді аудандық басқармасының инспекторы: К.Ергалиева
|