12.05.2014ж
«Нұрлы Көксу» газеті, 09.05. 2014 жылы, № 18 саны
«Өшпес ерлік»
Өмір мен өлім айқасқан сұрапыл соғыс даласының жан түршіктірер қызыл қырғынын көріп, Отан үшін, туған елі мен жері үшін кеудесін оққа тосқан Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмағұл Тұрғанбайұлы 1920 жылы тамыз айының 30 жұлдызында Көксу ауданы Талапты ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Қиын – қыстау заманда өмірге келіп, балалық шағының барлығы да суық заманда өткен. Жиырма екі жасында Отан қорғау шебіне шақыртылған жас жауынгер Жеңіс туы желбірегенге дейін қанды шайқаста ауыр атқыштар дивизиясында 9-шы батальонында ерлік көрсеткен. Кеңестік империяны күйретуге бағытталған фашистік немістердің мұздай қаруланған шебін тас – талқан еткен сұрапыл соғыста үш мәрте жарақаттанған Жұмағұл Тұрғанбайұлы Ресейден бастап, Варшава, Германия, Берлинді басып алу ұрыстарына қатысқан. Осы соғыста Отан үшін отқа түскен Жұмағұл Қонысбаев «Соғыстағы ерліктері үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «За отвагу», «За боевые заслуги», 1945 жылы «Берлинді жеңгені үшін», «Соғыстағы ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» және Ұлы Жеңістің 20, 30, 40 жылдығына орай Алғыс хаттар мен медальдармен марапатталған. Жұмағұл Қонысбаев елге 1946 жылы оралып, Талапты колхозының барлық саласында өмірінің соңына дейін еңбек етеді. Сырт келбеті, киім киісі қандай таза болса, ішкі жан дүниесі де сондай мейірімді, қайырымды жан болатын. Қандай еңбек жолында жүрсе де, көп адамға қолынан келгенше жақсылық жасап, Қытайдан елге оралған ағайындарға қол ұшын созып, пана да бола білген. 1947 жылы Сара Көпірбаевамен шаңырақ көтеріп, төрт ұл, үш қызды өмірге алып келіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған.
Бүгінгі күні ұл – қыздары әкесінің жасаған ерліктері мен жақсылықтарын немерелері мен шөберелеріне айтып отырады. Келер ұрпаққа соғыссыз тыныш заман сыйлау үшін қан кешкен ата – бабаларымызды еске алып, құран бағыштап, өшпес ерліктеріне басымызды иеміз.
Көксу аудандық Әділет басқармасы
|