06.12.2014г.
«Хантәңірі» газеті, 06.12.2014ж.,№ 45
Тәуелсіздік – бақытымыз
Міне, жылжыған жылдар, зымыраған күндер аясында Тәуелсіздігіміздің 23 жылдығын қарсы алғалы отырмыз. Көңілімізді тербер ой көп. Жанымызды баурар қуаныш та көп. Әсіресе, ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, өз алдына шаңырақ көтерген туған Отанымыздың құшағында өмір сүріп келе жатқан біз секілді жастардың бақыты - ерен, шаттығы - шадыман.
Кеше ғана Тұңғыш Президентіміздің күнін атап өттік. Бізге, біз секілді жас ұрпаққа Тәуелсіз мемлекетіміз қандай қымбат болса, тұңғыш Президентіміз, Ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен есімі сондайлық құрметті. Елбасымыз десек, сүйікті туған Отанымыз көз алдымызға келеді. Тәуелсіз Қазақстан десек, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жанарымызға ұялайды.
«Біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіздігіміз» деп Елбасымыз үнемі айтып отырады. Ата-бабаларымыз сан ғасыр білектің күшімен ала алмаған Тәуелсіздігіміз қазақ елінің басына орнады. Бағын ашты. Бақытын баянды етті. Халқымыз, туған жерімізді мекендеген сан ұлттың өкілдері мемлекет дамуымен бірге талай-талай қиын күндерді, нарыққа бейімделген өтпелі кезеңдерді басынан өткерді. Дағдарыс толқындарынан өтті. Кеше ғана халқымызға жаңа Жолдауын арнаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әлемде мұнай бағасының құлдырауына байланысты дүние жүзін шарпымай тұрмайтын дағдарыстың кезекті толқынының алдын алуға бағытталған іс-шараларын қолға алды. «Нұрлы жол» деп аталатын жаңа экономикалық саясатын бастады. Ұлттық қорымыз арқылы күннің шуағы сияқты Астанадан бастап әлемге жалғасатын түрлі жолдарды жасауды, шағын және орта бизнесті одан әрі қаржылай қолдауды, бітпей қалған жобалы істерді аяқтауды көздейтін басты бағыттарды,жұмсалатын қаражатты айқындап берді. Сол арқылы мемлекет тұрақтылығын сақтауды, ел экономикасын жақсартуды, халықтар арасындағы татулық пен біррлікті, тұтастықтықты ту етуді мақсат етіп отыр.
Біз Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын, жастардың келешегін ойластырып отырған Елбасымыздың саясатын, жаңа Жолдауын барынша қолдаймыз. Осы Жолддауында да Елбасымыз жастарға үлкен сенім артатынын тағы да атап өтті. Бұл бізді жастарды қуанта түседі. Жаңа істерге жетелейді. Тәуелсіздігіміздің арқасында, Елбасымыздың өңірлерді дамыту бағдарламасының жемісіндей Райымбек ауданында да көптеген игіліктер өмірге келді. Былтыр Кеген ауылынан 280 орынды жаңа балалар бақшасы салынды. Биылдың өзінде аудан орталығында күніне 250 адам қабылдайтын жаңа емхана салынып, пайдаланылуға берілді. Жаңа тарихи өлкетану мұражайы есігін ашты. Ауданымызға іс сапармен келген облысымыздың әкімі Амандық Баталов болашақта Кеген ауылынан жастар спорт сарайын салып беруге көмек, қолдау көрсететінін айтты. Бұл да бізді қуанта түседі.
Тәуелсіз Отанымыз күннен күнге, жылдан жылға жаңғырып, жайнап, құлпыра берсе екен. Бейбітшілік бесігінде тербетілген құшағында алаңсыз еңбек етіп, бақытымыздың базарын тасытып жүрсек болғаны.
Райымбек аудандық Әділет
басқармасының инспекторы Ф.Ысқақова
|